Баламен ұшу

 

Баламен ұшуға қалай дайындалу керек?

Ата-аналар үшін, әсіресе ұшақпен ұшу сөз болғанда, баламен саяхаттау оңай шаруа емес. Дегенмен дұрыс дайындықпен мұндай саяхат кезіндегі күйзелістерді мейлінше азайтуға болады. Бүкіл отбасы үшін қауіпсіз және жайлы ұшуды ұйымдастыруға көмектесетін негізгі қадамдарды талдайық.

Баламен саяхатты қашан бастауға болады?

Әуе тасымалдаушыларының көпшілігі жаңа туған нәрестелермен 7-күннен бастап ұшуға рұқсат береді. Кейде авиакомпаниялар жаңа туған нәрестенің жағдайы денсаулыққа қауіп төндірмей ұшуға мүмкіндік беретінін растайтын медициналық анықтаманы талап етуі мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынысы бойынша дені сау және мықты нәресте дұниеге келгеннен кейін 48 сағаттан кейін ұшақпен саяхаттай алады, дегенмен сәбиге 7 күн толғанша күткен жөн. Мерзімінен бұрын туған нәрестелер әрқашан ұшудың олар үшін қауіпсіз болатынына көз жеткізу үшін әуе сапарына дейін медициналық тексеруден өтуі керек.

Қалай болғанда да, егер сіз балаңызбен ұшуды жоспарласаңыз, педиатр-дәрігермен алдын ала кеңесу қажет.

Қандай құжаттар қажет?

Қазақстанда ішкі рейстер үшін нәрестеге туу туралы куәлік жеткілікті, бірақ халықаралық рейстер үшін төлқұжат қажет және виза да керек болуы мүмкін. Баламен саяхаттау үшін қандай құжаттар қажет екенін авиакомпаниядан алдын ала нақтылаған дұрыс.

Ұшақта орынды қалай таңдап, аспа бесікке қалай тапсырыс беруге болады?

Кейбір авиакомпаниялар бортта тапсырыс беруге болатын арнайы нәресте бесіктерін ұсынады. Салонның алдыңғы қатарына орнатылатын бұл құрылғылар нәрестеге ұшу кезінде ұйықтауға мүмкіндік береді. Бесігі бар орындарды алдын ала брондау ұсынылады, өйткені олардың саны шектеулі. Егер бесік қол жетімді болмаса, балаға тыныш жағдай жасау үшін терезе жағындағы орынды таңдаған ыңғайлы болады.

Қысымның өзгеруіне байланысты ыңғайсыздықты қалай болдырмауға болады?

Ұшу және қону кезінде нәрестелер қысымның өзгеруіне байланысты ыңғайсыздықты сезінуі мүмкін. Бұл жағдайды жеңілдетудің ең жақсы әдістерінің бірі – нәрестеге кеуде, бөтелке немесе емізік беру, өйткені жұту қимылдары құлақтағы жайсыздық сезімін азайтуға көмектеседі.

Өзімен бірге қол жүгіне не алған маңызды?

Баламен ұшу үшін қол жүгі жайлы мұқият ойлану керек. Міне, қолыңызда болуы керек нәрселер:

  • Жөргектер мен дымқыл майлықтар;
  • Ауыстыратын киім;
  • Жамылғы немесе жаялық;
  • Емшек сүті (пластикалық бөтелкеге құйылған) немесе егер нәресте жасанды тамақтандырылса - нәресте сүт қоспасы;
  • Емізік;
  • Баланың көңілін аулайтын ойыншықтар.

Бір жасқа дейінгі нәрестелер қоршаған ортаның өзгеруіне, соның ішінде сусыздануға ерекше сезімтал. Сондықтан баланың су немесе емшек сүті болсын, жеткілікті сұйықтық алуын қамтамасыз еткен маңызды. Сонымен қатар, сіз ұшақ салонындағы құрғақ ауаның әсерінен кебуі мүмкін тері мен шырышты қабаттардың күйіне қарауыңыз керек. Бұл үшін қауіпсіз компоненттері бар кремдер мен лосьондар сияқты балаларға арналған ылғалдандырғыш құралдар керек болады. Сондай-ақ, педиатр ұсына алатын мұрын мен көзді ылғалдандыруға арналған тамшыларды қолдану пайдалы. Дымқыл майлықтар да ұшу кезінде нәрестенің гигиенасы мен жайлылығын сақтауға көмектеседі.

Ұшу кезінде нәрестенің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?

Нәрестенің қауіпсіздігін арттыру үшін автокөлік орындығын немесе сәбилерге арналған арнайы белдіктерді пайдалану ұсынылады. Егер бала үшін бөлек орын сатып алынса, мұндай құрылғыларды ұшақтың орындығына бекітуге болады. Бұл ұшу кезінде қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Егер бала мазасызданса, не істеу керек?

Кейде нәрестелер шаршағандықтан немесе жаңа әсерлерден ұшу кезінде жылауы немесе мазасыздануы мүмкін. Сабырлы болып, балаға барынша қолайлы жағдай (оның ішінде үйреншікті тәртіп бойынша ұйықтату және тамақтандыру) жасауға тырысу маңызды. Қажет болса, стюардтардан немесе жолаушылардан көмек сұраудан тартынбаңыз.

Келесіні білу маңызды:

Нәрестемен саяхаттауды жоспарламас бұрын авиакомпаниямен алдын-ала байланысу өте маңызды, өйткені әр түрлі тасымалдаушылар арасында ережелер мен талаптар айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Бұл билеттерді брондау процесіне ғана емес, сонымен қатар жолаушыларды тіркеуге, сондай-ақ кішкентай жолаушыларға арналған ұшақтарды жабдықтау ерекшеліктеріне де қатысты. Мысалы, кейбір авиакомпаниялар алдын ала брондауды қажет ететін немесе қажетті құжаттарға қатысты қатаң ережелері бар нәрестелерге арналған арнайы бесіктерді ұсынады.

Ұшуға дейін барлық мәліметтерді нақтылау әуежайда мүмкін болатын қиындықтарды болдырмауға және ең қолайлы саяхатты қамтамасыз етуге көмектеседі. Борттағы нәресте үшін тамақтануды қалай ұйымдастыру керектігін және балалары бар жолаушылар үшін қандай жағдайлар жасалатынын білу ұсынылады. Алдын ала дайындық – тыныш және қауіпсіз ұшудың кілті.

Қорытынды

Жаңа туған нәрестемен ұшуды ұйымдастыру егжей-тегжейге назар аударуды қажет етеді, бірақ бұл әбден шешілетін тапсырма. Алдын ала дайындалу және қарапайым нұсқауларды орындау сізге және сіздің кішкентайыңызға мейлінше аз күйзеліспен саяхаттауға көмектеседі.

Жазу кезінде келесі материалдар қолданылды:

  1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 25 қыркүйекте "Әуе көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" № 12115 болып тіркелді
  2. World Health Organization: International travel and health - module 1: general health risks and considerations for travellers (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: халықаралық саяхат және денсаулық - 1-модуль: денсаулық үшін жалпы қауіптер және саяхатшыларға арналған ұсыныстар).
наверх

Nestlé Baby & Me клубына қосылыңыз

Обратная связь
Кері байланыс
Полезные онлайн-программы
Пайдалы онлайн-бағдарламалар
Скидки от наших партнёров
Біздің серіктестерден жеңілдіктер
Всё о развитии и питании малыша
Баланың дамуы мен тамақтануы туралы